Бақтыгүл Ауданова

Туындылары


ӘЙЕЛ БАҚЫТЫ

Алты жылдай бұрын ғой. Таңертең әрең ояндым. Көзімді тырнап ашып, күндегідей ботқа пісіруге кірістім. Қыс, сыртта тас қараңғылық. Көзіме ұйқы тығылып, сүт тасып кетпес үшін оны бақылап тұрмын. Сүтім пісіп, ботқам дайын болғанда баламды ояттым. Ол тентек тұрғысы келмейді. Менің ең жаман көретінім – жып-жылы төсекте, тәп-тәтті болып ұйықтап жатқан баланың ұйқысын бұзу. Бірақ, амал жоқ, бақшаға бару керек. Оны әрең ояттым, сосын оны киіндірдім. Балам ыңылдап, киінгісі келмей, кигізген колготкиімді қырсығып қайта шешіп тастады, одан ботқаға түкіріп... Не керек кешігіп жатырмыз.
Бір кезде күйеуім ұйқысынан оянып, ас үйге кірді:
– Ботқадан басқа таңғы ас бар ма? – деді есінеп.
– ЖОҚ! – дедім айқайлап. Өзім де жарылғалы тұрғам.
Сэндвич жасауға болатын еді. Бұл мен үшін қиын емес, бірақ мен ештеңеге үлгермей жатырмын. Бақшаға да, жұмысқа да кешігіп жатырмын. Ұйқым анау қанбаған...
Киініп болып сыртқа беттедік. Мен жылдың осы мезгілі, яғни қыстың қаншалықты еңбекті қажет ететінін ойладым. Шалбарыңды, мәйкі, кофта, жемпір, одан күртешеңді, сосын орамалыңды, сосын қолғабыңды ки... Уфф!
Балам екеуміз көшеге жүгірдік. Сыртта қатты аяз. Қырсыққанда көлік те оталмайды. «Жетпегені осы еді!» – деп ойладым да, таңғы астың орнына көлікпен айналысу үшін күйеуімді шақырдым. Өзім оған жұмысқа алып кетуі үшін бутерброд дайындадым. Нәтижесінде біз кешігіп қалдық, бірақ, сонда да әрқайсымыз асыға өз жұмысымызға қарай тарттық.
Сол күні кешкі ас әзірлеп жатыр едім. Ойыма бүгінгі жұмыс күні түсіп кетті. Жұмыста да оңай күн болмады. Әлдебір шығып кеткен қызметкердің міндеттерін жүктеп алдым. Соған ашуланып, бастығыма ол туралы ойлайтынымның бәрін айтып тұрмын іштей.
Картоп аршып жатып, ас үйдегі теледидарды қостым. Бірінші арнада «Үйленейік» бағдарламасы болып жатыр екен. Боянып-сыланған бір сұлу күйеу іздеп келіпті. Сөзіне қарағанда жақында Астанаға көшіп келген және оны бағындырмақ ниетте. Бірінші некесінен бір баласы бар, бірақ ол Елордада өзін іздеп жүргенде бала оның ата-анасымен басқа қалада тұрады екен. Күйеу тауып, мансапқа қол жеткізген кезде міндетті түрде баланы өзіне алады-мыс. Сөзінің соңында жаңағы сұлу: «Жалпы, менің өмірімде бәрі жақсы, бірақ мен өмірімді одан да жақсы қылатын адамды іздеймін. Мен жақсы анамын, жақсы қызбын, жақсы адаммын және жақсы жар боламын» – деді.
Ал, жүргізуші Лариса Гузеева:
– Жақсы екеніңді қалай білдің? – деді сұраулы жанарын төңкеріп.
– Мен ішпеймін және темекі шекпеймін, – деп жауап берді қыз.
– Жоқ, – деді жүргізуші. – «Жақсы» деген сөз «мен өйтпеймін, мен бүйтпеймін» деген емес. Егер де сен күнде таңертең ұйқыңнан әрең тұрып ботқа пісіріп, содан кейін ұйықтап жатқан балаңды оятып, ол балаң тұрғысы келмей ыңылдап, оны алдарқатып, бүкіл ас үйді бүлдіріп шашып-төгіп отқан ботқасын жегізіп, одан мүлде кигісі келмейтін құрғыр колготкиін кигізіп, үстіне төрт-бес қабат киім, басына қалпақ, кішкентай саусақтары үсіп қалмасын деп қолына биялайын киігізіп бір «уһ» деп, жылы шарфпен беті-мойнын қымтап орап, қарлы боранда «жұмысқа кешігетін болдым» деп шанамен балабақшаға қарай жүгіріп бара жатсаң – міне, сол кезде сен бақытты әйел болатын едің! Ал, балабақшада қызғалдақ жасау ісі қызып жатыр. Сенің балаң анасына сыйлау үшін кішкентай саусақтары майысып қызғалдақ жасап жатыр... Өйткені, жақында 8 наурыз...
Теріс қарап, көкөніс турап тұрғанмын. Тұрған орнымда қақшидым да қалдым. Дәл қазір мені жоғарыдан біреу бақылап тұрғандай, мен туралы айтып тұрғандай, мен туралы бәрін білетіндей.
Қолжуғышта таңертеңнен қалған ботқа пісірген ыдыс жібіп тұр, кешігіп жатқан соң жууға шамам келмеген, ал тоңазытқышта баламның бүгін балабақшадан алып кетуге барғанымда сыйлаған суреті...
Біз көбіне бақытты байқамайды екенбіз. Біз осылай күйбең тіршілікпен әр нәрсеге көңіліміз толмай бұрқылдап жүргенде бақыт біздің жанымыздан өтіп кете береді екен.
Ботқа, қазан, шұлық... Сіз осындай бақытты армандадыңыз ба? Ал, енді сіз бұл туралы басқаша ойлап, өңін айналдырып, басқа ракурстан қараңызшы.
Мұның несі бақытсыздық?
Мен үшін аяулы жандар бар. Солар үшін ерте оянуым керек. Ас үйім күн сайын таңғы 6-да сүт түсті жарықпен нұрланып, қыстың қап-қараңғы таңына кішкентай тереземнен жарық шашады. Сыртта аяз және қараңғылық, бірақ мұнда, менің жылы асүйімде шәйнегім ызылдап, бүйірінде гүлі бар сүйікті кастрюльімде баламның ботқасы бүлк-бүлк пісіп жатыр. Таңертең оянғанды ұнатпайтын сүйікті ұлым бар және әрқашан «жақсы» көңіл-күйде жүретін күйеуім, мені күтетін жұмыс орным және осы сияқты міндеттерім бар. Кешкі ас дайындау да мені қуантады. Мен бақытты екенмін, бірақ соны байқамайды екенмін!
Сол бір күн мен үшін өте маңызды күн болды. Мен әрқашан бақытты болыппын, бірақ соны наразылық пердесінің астына жасырып келіппін. Сол күнгі теледидардағы кездейсоқ диалог көзімдегі сиқырлы пердені жұлып алғандай. Мен ескі ас үйімді жаңа көргендей жан-жағыма назар аудардым. Вау!
Өмір ұсынған жағдайларға қарамастан бақытты болу – менің кредом. Бақыт міндетті түрде маскарад пен карнавал емес. Сіз оны байқап, бағалауды үйренуіңіз керек. Тіпті, ол тым қарапайым, не кішкентай немесе сұлы ботқасы толы қазанға ұқсаса да...

Ольга САВЕЛЬЕВА
аударған Бақтыгүл АУДАНОВА