Ақбота Бейбітбек

Туындылары


БАҚ – БАҚ

Сен, қына да емессің тасқа біткен,
Сәлемдейсің сұраушы босқа күткен...
Раушандайын болмады құның үстем,
Түймедақтай жүрсің-ау тынып іштен.
Өскеніңмен толтырып жол жиегін,
Бағынбайсың заңына көп жүйенің.
Тұсың бар-ды бір ақын қызығардай,
Үмітіңді үзбейсің үзіп алмай.
Сыйламайды сені ешкім сатып алып,
Атың арзан болғанмен, затың алып.
Түскені жоқ мен білсем бағаң одан,
Жанды аяймын сені гүл санамаған.
Табылмайсың қоқыстан қандай бақыт,
Сол үшін де тамсанам таңдай қағып.
Сұлулықтың сендегі сыры басқа,
Айтып тұрған жоқпын мен мұны босқа.
Үлпек шарды ұшырған сәт әдемі,
Жазылғандай жүректе хат әуелі.
Қурамасаң ұқсайсың КҮНСҰЛУҒА,
Қурап қалсаң ұқсайсың АЙСҰЛУҒА.
Жігіт ғашық болады қай Сұлуға?!
...қызық...
Мама,
Әкеме болмаса сәл ұқсағаным,
Бүршігі жарық сананың.
Бірінші ойлаймын сен жайлы,
Тiрлiктен қамықса жаным.

Мама,
Бұл жылдар асығып барады қайда?
Отырсың оранып ойға.
Өзің деп қарадым Күнге,
Өзің деп қарадым Айға.

Мама,
Кешірімді алдында қателігім,
Тағдырдың жөтелi – мұң.
Жұмсақтығың шығар-ау – аналығың,
Қаталдығың шыгар-ау – әкелiгiң.

Мама,
Құдайға сен дәнекер жетсе дұғам,
Көңілден кетсе күмән.
Сенің әлдиiң ғой алғаш,
Жүрекке жетсе бір ән.

Мама,
Отырған сәт әдемі шашыңды өріп,
Қарағаның қасың керіп.
Сен туған күн мереке ең мерейлі,
Жалғасын таба берсін ғасыр болып.

Мама,
Қандай бақыт болғаның, барың аман,
Қарашығыңда тары ғалам.
Ақ ботаңды сағынып отырмысың,
Ең аяулым, ардағым, Аруанам!
Жаным анам!

Мендегі жүрек әне, қырық жамау,
Өткендей тұсау салар құрық жоқ-ау?
Сонда да сүрмегенмін ғұмырды бос,
Сонда да жүрмегенмін жығып жалау.

Тал бойыма алғандай төзім орнап,
Жоғалтқан жылым қанша сезім алдап.
Азып кетпеу үшін де ғазиз жаным,
Азық еттім шаттықты азын-аулақ.

Ой орнамай тұрсын ба жеңіл басқа?
Көз алдымда өткендей өмір таспа,
Қарайып кетпесін деп жұдырық ет,
Айналып кетпесін деп көңіл тасқа.
Күресіп келемін!
Менің жағама жармасқан үздіксіз жалғыздық,
Алмайды ол сәл қалқып, сәл мызғып.
Тек оның демі бар деміндей аяздың,
Тек оның дәмі бар дәміндей жалбыздың.
Келеді жаурағым,
Келеді шәй ішкім,
Жай ғана сөз емес айтылған ой үсті.
Ұнайды, жарқыным өзіңе қай ұсқын?

Жарқырап жүрсем де ортада, топ іші,
Сіресі басылып, ұзарып қонышы,
Тек мұңым тыншымас, о, неткен өлермен,
Тек мұңым тыншымас, жаңарған, көнерген.
Сырты – жас, іші – қарт,
Ғұрпы – хас, ісі – мәрт,
Сол мұңым – бекзада, сол мұңым – бір бегім,
Тек оған үземін жанымның гүлдерін!

Бір жол бар менде де секілді – құс жолы,
Тағдыр да бір іс қой секілді – түс жору,
Ең аян түсім де ұққанмын алдарын,
Ұмыттым себебін, салдарын.
Тек оны жүрекпен сағынам,
Тек оны жүрекпен іздеймін,
Оны ылғи сақтаймын Диюдың көзінен,
Оны ылғи сақтаймын дұшпанның сөзінен.
Тек оны, тек оны, оны ылғи,
Құбылып тұрғаны-ай көңіл-күй….

Керек пе шақ, жолығуға рай?
Үйреніп алдым торығуға ұдай,
Ой қабіріне көмілу де оңай,
Жерік болу да, жеріну де оңай,
Сүйкімсіз неткен көріну бұлай!

Назарым түсіп, аңсарым ауып,
Жұттым ғой сен деп қанша быламық.
Дабыра қағып дүрлігер түнім,
Үкідей сонда үлбірер мұңым,
Үміттің шамы жанса бір ауық.

Мен күте берем құмалақ ашпай,
Сен келші таңда, бірақ, адаспай.
Ақ боз ат шықса алдыңнан – Арым,
Көк боз ат шықса алдыңнан – Жаным,
Көрінер саған күнәм оғаш қай?

Ұнамас, білем, күдікшіл басым,
Бүйректен қысар бүлікшіл ғасыр.
Сұлық құлады сенімім қанша,
Суық тұрағы пері күн қанша,
Сөздердің тердім сынық сұлбасын.

Көңілдің кетер сызы, бекіндім,
Ең мәртебелі қызыметің бұл.
«Екі жиренге» әндетіп келші,
Мәнсіз ғұмырды мәнді етіп көрші.
Тек сенің ғана құзіретіңдемін!