Айыпберген Балтабаев

Шығармашылығы


Ұлттық академиялық кітапханада кезекті бір мәдени шара өтуде. Белгілі ғалым, ЕҰУ-дің профессоры Серік Негимов ағамыз жыр жолдарынан үзінді келтіріп, іле-шала кітаптағы шумақтарды шұқшия талдауға көшеді. Елордада ауылдан әлі ешбір ақын келіп мұндай шығармашылық кеш өткізбеген. Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Қайрат Жұмағалиев, Серік Тұрғынбеков сынды дүлдүлдер мен қазақтың біраз танымал қаламгерлерінің өнер кеші өткен, ал бірақ тап мынадай жәйт астана тарихында тұңғыш рет десек, асыра айтқандық емес. Ауыл ақындары жырларына профессор ағаларымыз да дәл бұлай бұрын-соңды зейін қойып, ой өрмеген. Назар тігетіндей олар бұл секілді Гетенің 100-ден аса өлең-жырлары мен «Рейнеке түлкі» дастанын тәржімалапты ма? Бақи мен фәни туралы түсінігі ислам құндылықтарына құрылған немістің ұлы ақыны Иоганн Вольфганг Гетені аударып жүрген ауылдың бұл қай шайыры деп кім-кімнің де қызығушылық танытары анық. Зал түгел Серік Негимовтің талдауларына құлақ түріп, ұйып қалған. – Біріншіден, Айып Нұрдың тілі өте бай, екіншіден, өзіндік ақындық мәнері афоризмдерді, рубаиларды туындатуға икемділікті байқатады. Оны оқып отырғанда бір кездегі Фирдоуси, Рудаки, Мақтымқұлыны, жалпы мұсылман тарихындағы әйгілі інжу-маржан шығармаларды, хадистердің бәрін меңгергенін аңғарасыз. Содан кейін жалпы адамның өзі де бір қайталанбас құбылыс емес пе? Күні бүгінге дейін галактикалар зерттеліп, жұлдыздар әлемінің қыр-сыры ашылғанмен, адамның жан-дүниесін әлі күнге дейін толық зерттеп біткен ешкім жоқ. Мысалы, Ыбырайдың бір шығармасында айтылады: Адамның бойында жетпіс түрлі жақсы мінезбен қатар жетпіс түрлі жаман мінез де бар. Онда неше түрлі құбылыстар, сарындар жеткілікті. Ал, енді Айып Нұрдың шығармаларын оқып отырған кезде осы сезімдер бой билейді. Ол өзінің туған өлкесін, Қазақстанның барлық даласын, Алатауы мен Қаратауын, Қазығұрты мен Ұлытауын бәрін түгел қосып жырлайды. Сырдарияның бойында туса да сонау Алтайды, Сарыарқаны сағына сарынға қосады. Және де сұлуларды, перизаттарды жырлайды. Адамның ішкі болмысын суреттеуге ұмтылады. «Жақсылықтың жаршысы болған аймағым, Туған жер, туған елім қаймағым» деп жырлап, «Бүгінде қимас үш бұрыш, үш тілегім бар» дейді. «Бірі – Отаным, елім, туған жерім, Бірі – болашағым, ұрпағым, ұл-қыздарым, Бірі – рубаи, қисса, хикмет, дастандарым» деп өмір өрнектерін кестелі өреді. Туған жердің бір уыс топырағын да, Бір тасын да бермес ем басқа жұртқа. Ата-баба сүйегінен құралып, Қаны тамған Сол тастардан биік-биік зәулім Сарай салдырар ем, Болашағым, ұрпағымның бақытты өмір сүруі үшін деген жолдарға үңіле қарағанда, бір жағынан үлкен тәжірибе иесі екені, екінші жағынан балаусалық, балғындық та қасиет барлығы байқалады. «Пендеміз ғой, пендеміз, Бұл жалған дүниеге, Бәріміз де мейман болып келгенбіз». Рас қой! Дүние-жалған, қамшының қысқа сабындай. «Бұл жалғанның жүзінде қара да өткен, хан да өткен. Мырза да өткен, бай да өткен. Батыр да өткен, би де өткен. Ойлап тұрсаң, әлеумет, Шетіне оның кім жеткен...» деп кешегі дүлдүлдер жырлағандай, адамды терең ойға батырып толғантатын мұндай қысқа қайырымдар өте көп. «Қасқыр адам, арам дос, Жүзі жылтыр, сөзі бос». Қандай оймақтай ой. Осы жинақтың ішінде ит пен мысық, қасқыр мен қоян, қарлығаш пен сұржылан сияқты аллегориялық өлеңдер бар. Кезінде техникалық университетті бітіріп, инженер болса, келе-келе өлең жазып, руханиятқа бет бұрған азаматтың бойында алуан өнердің болуы некен-саяқ құбылыс, – деген ғалымның бағасына ештеңе алып, қоса алмайтын сияқтымыз. Осыларға жақында Айып Нұрдың Д.Қонаев туралы деректі спектакльді жазып бітіріп, ал бүгінде «Тағдыр» деректі романын жалғастырып жатқанын қоссақ, тіпті бір ғажайып сыр төгілер еді. Шығармашылық кеште автордың кітап көрмесі өтті. «Жүрек жылуы», «Назеркем», «Ғашықтар әні», «Сағыныш сазы», «Уа, Дариға-ай», «Алтын бесік», «Туған жер» атты жеті-сегіз жыр жинағы жарық көрсе, «Кездесу мен қоштасу» кітабының алар орны өз алдына бір төбе. Жергілікті композиторлар Әзірет Мырзалиев пен Базарбек Бүрісұлы әнін жазған «Мақтаралдың ару қызы», «Сарыағашым махаббатым», «Ана жүрегі», «Мөлдір махаббат», «Ғашық қызға», «Сағыныш сазы», «Бойжеткен», «Жан сәулем», «Сарбазым» сияқты бірталай жырлары ел арасында кеңінен орындалып жүр. Ән мен жырға әркімнің де жаны құштар бола беруі мүмкін, бірақ та ХХ ғасырда өмір сүрген әйгілі ақын Қайыпназар Әйтпеновтің әдеби мұрасын, арнау өлең-жырларындағы, дастандарындағы ізгілік ұстанымдарды саралап, ғылыми тұрғыда зерттеу, зерделеу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ақынның шежіре, дастандарының, ғұмырнамалық-өмірбаяндық, арнау, жоқтау өлеңдерінің жанрлық табиғатын саралауға, лирикалық өлеңдерінің тұрмыс-салттық негіздеріне, жанрлық үлгілеріне авторлық көркем әдебиет тұрғысында жаңаша баға беруге, терме-өлеңдеріне ғылыми-теориялық талдаулар жасауға келгенде Айып Нұр ғалымдардың бұрынғы соқпағына түспей, өздігінше із тастайды. Әрине, ақын Қайыпназар Әйтпеновтің өмірі мен шығармашылығын жүйелі түрде ғылыми зерттеу жұмыстары 1995 жылы қолға алынғаны мәлім. Ал оның халыққа танылуы мұнан әрірек кезеңнен басталады. Ол 1964 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық ақындар айтысында қазақ ауыз әдебиетінің шебері, жыршысы ретінде белгілі болды. Жыр алыбы Жамбылдың 125 жылдық мерейтойына арнайы шақырылған Қайыпназар Әйтпенұлы жетпісінші жылдардың басында әдебиеттанушы ғалымдардың назарына ілігіп, бірлі-жарым еңбектер жарық көргенмен, мұның бәрі айтулы тұлғаның тұтас шығармашылық қуатымен салыстырғанда теңіздің тамшысындай болып қала бермек. Айып ақын Қайыпақынның сол халыққа әлі жетпеген еңбектерінің үзілген жібін қайта жалғағысы келеді. Қызылқұмда Ақбала есімді күйші өткенін және оның бірсыпыра күйлерін соңғы жылдары ғана естіп-біліп жүрміз. Кешегі «Қазақтың 1000 күйі» жи¬нағына енген күйшінің асыл мұраларының жоғалып кетпей, халқымен қайта қауышуына бірден-бір себепші болған ақынның Майлықожа, Құлыншақ, Құлан, Молда Мұса, Еркөбек сияқты ақындардың да өлең-жырларын жаттап алып, ұрпақтан ұрпаққа таралуына, бүгінгі күнге дін аман жетуіне айтарлықтай үлес қосқанын Айып Нұр өз зерттеуінде кеңінен баяндайды. Осы есіммен қатар ақын жырларына терең талдау жасаған белгілі ғалым, марқұм Көбей Сейдеханұлының елеулі еңбегін еске салып өтеді. Бір ғұмырға құрмет көрсету арқылы өмірдің келесі бір жарқын беттеріне кезігіп отыру қашаннан заңды құбылыс десек, мұндай ғажайып тағдырдың төңірегінен де қазақтың сондай небір айтулы азаматтарын көресіз. Қай нәрсені де кейінгі өсіп келе жатқан балғын санаға бір пайдасы тиер ме екен деген үмітпен сөз етеміз. Айып Нұр замандастың жазғандары шетінен ғажайып деп айта алмауымыз мүмкін, ол туралы көп адам біле де бермеуі мүмкін. Бірақ та қолына қалам ұстап, өлең жазып, немістің Гете ақынын аударумен әрі ғылыммен айналысып жүрген инженерді бірінші рет кезіктіруіміз. «Жігітке жеті өнер де аз» деген ғой халқымыз. Ендеше осы бір жырқұмар, ақынжанды азаматтың өнегесінен өзгелер үлгі алып көрсе қайтеді? Сонда бәлкім, кеудеңіздегі көзі аршылмай жатқан бір бұлақ сыңғыр қаға жөнелер?! Адам жаны жазылмас бір жұмбақ болмаса, өмір қызық бола ма?

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ