Көшкінбай Елікбаев

Туындылары


Ақан өмір бойы ауылда өсті. Осында шаңырақ көтереді. Ұл-қыз сүйіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Үл-қыздары ер жетіп, барлығы мамандық алып, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатыр. Балалары ауылда жұмыс істей беретін бе еді? Ұжымшар жекешеленіп, бұрынғы шаруашылық қырық жілік болып бөлініп кетті. Ауылдан мамандығына сай қолайлы жұмыс табылмады. Өз ықтиярымен балаларын қалаған жеріне жұмысқа жіберді. Кемпірі екеуі қара шаңырақта тұрып жатты. Анда-санда балалары, немерелері ұшқан ұясына келіп тұрды. Немерелері үйдің ішін,ауланы күміс күлкіге толтырып жіберді. Мәз-майрам болып, аулада ары-бері жүгіріп, үй шаруасына көмектеседі. Бау-бақшаға қарайды. Осындай мамыржай тірлік көпке созылмайды. Демалыс: күні түс қайта балалары жиынып терініп қайтуға дайындалады. Қайтадан кемпірі екеуі даңғырадай үйде қалады. Әр келген сайын қалады тұратын кенже ұлы Ғалымжан:
– Әке немерелеріңіздің қызығын көріп, қолдарыңызды жылы суға малып бізбен бірге тұрмайсыздар ма? – деп өтініш жасады.
Әй балам, осы ауылда туып-өстім. Өмір бойы осында өмір сүріп келем. Қаным да, жаным да, туған жер, ауыл. Көршілерімді ағайын-туыстарымды қимаймын. Көк тіреген тауларымды, сылдырап аққан бұлақтарымды, мөлдір, саф таза ауасын еш жерге айырбастағым келмейді. Әке-шешелеріңнің атына кір келтірмей жүрсеңдер, сол да бізге қуат, медет. Сырттарыңнан қайда жүрсеңдер де тілеулес болып жүреміз. Содан артық ата-ана үшін қандай арман бар? Бізді уайымдамаңдар, – деп ұлына ұсыныс-тілегін қабылдамаған. Балалары құдайға шүкір мектепті жақсы оқыды. Өз күштерімен, білімдерімен жоғарғы оқу орындарына түскен. Міне, бүгінде бір-бір мекеменің жұмыс істеп өз арбаларын сүйретіп жүр. Бірде көрші ауылда тұратын сыныптас досы Әсет үйге келді.
Шай ішіп мектеп кездегі жастық шақты еске алып, біраз нәрсені қаузап тастады. Үйдегі бұлардың жағдайын көріп.
– Ей Ақан. Өміріңнің ақырын ойлайсың ғой. Барлық балаңды жан-жақа жіберіп, қара бастарың сопайып отырғандарың не? Осылай жүре берем дейсіңдер ме? Ертең қолыңнан күш кетіп, қартаймайсыңдар ма? Міне мен кенже ұлымды ұзатып ары қарай оқытқан жоқпын. Жастайынан үй шаруасына үйретім. Енді көрдің бе? Балам өз шаруасын дөңгелетіп отыр. Қазір үйлі-баранды. Немерелерім өсіп келеді. Солардың қызығына тоймай, уақыттың өтіп жатқанын да байқамай қаламын. Ұлым қайда жиын-той болса, сонда апарып келеді. Сендердікі не тірлік бұл? – деді тура, кесіп сөйлейтін әдетіне басып...